Notice: add_option was called with an argument that is deprecated since version 2.3 with no alternative available. in /var/www/vhosts/13/137992/webspace/httpdocs/tan.kz/wp-includes/functions.php on line 3563 СУХБАТ АСТАНА АКШАМЫ - Танирберген БердонгарТанирберген Бердонгар
Расписка при продаже квартиры, образец - fortstroi.com.ua
Информация о недвижимости - comintour.net
Чем штукатурят газобетон, смотрим на странице http://stroidom-shop.ru
1312450100_berdongarov-balgin

СУХБАТ АСТАНА АКШАМЫ

 

ГАЗЕТА: “Астана Ақшамы”
ДАТА: 15 сентября 2009г.

Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты
Тәңірберген Бердоңғаров:
– Тәңірберген Маратұлы, сіз Мәжілістегі ең жас депутатсыз. Көпшілік сізді әу баста шоумен, кино актері ретінде таныған еді. Содан кейін біршама жыл жоқ болып кеттіңіз де, Парламенттен бір-ақ шықтыңыз… Бұл биікке қалай келдіңіз?
– Біреулер мектеп қабырғасынан-ақ түрлі мәдени іс-шараларды немесе би кешін ұйымдастырып, көзге түсіп жатады. Сол секілді мен де он жеті жасымнан бастап телеарналардың бірінде жастарға арналған бағдарламаның жүргізушісі болдым. Артынша телесериалға түстім. Бірақ, бұл менің Парламентке келгенге дейінгі негізгі әрі тұрақты қызметім болған жоқ. Жастар бағдарламасын жүргізуім мен депутаттық мандатқа ие болуымның арасында көп көзінен тасада өткен біраз жылдарым бар. Ол уақытта Алматы мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы, халықаралық құқық саласы бойынша білім алдым.
– Сырттай оқыдыңыз ба?
– Жоқ, күндізгі бөлімде оқыдым. Университетті қызыл дипломмен бітірдім. Сосын 1999 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясында қызмет ете бастадым. Партия аппаратында төрағаның жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі қызметінен бастап, партияның «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Содан кейін ғана Парламент депутаттығына сайландым.
– Жаңылыспасам, заң бойынша бізде азаматтар жиырма бес жастан бастап депутат бола алады. Сіз неше жасыңызда депутат болдыңыз?
– Жиырма сегіз жасымда.
– Өзінің бүкіл рухани мұрасын жиырма-жиырма бес жыл өмірінде-ақ жасап үлгерген ағаларымыз болғанын ескерсек, әрине, жиырма сегіз –тым аз жас емес. Десек те…
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Әңгімені әріден бастап отырған себебім де осы – мен «тележүргізуші болып жүріп, Парламенттен бір-ақ шықты» деген уәжбен келіспеймін. Иә, мұндай сөзді көп естідім. Кез келген журналист маған алдымен осы сұрақты қойып жатады. Бұған жауабым: «Нұр Отан» партиясы аппаратына қызметке орналасқан шақтан, яғни 1999 жылдан бастап депутаттыққа сайланған 2004 жыл аралығында мен біраз тәжірибе жинақтадым. Жастар саясатымен айналыстым, әлеуметтік мәселелердің бел ортасында жүрдім. Көпті көрдім, өзімді шыңдадым.
– Бір сұхбатыңызда «ешкімнің көмегінсіз тек қана өз еңбегімнің арқасында өз биігіме көтерілдім» депсіз… Бұл мүмкін бе?
– …
– Талабыңызға қолдау көрсетіп, қолтығыңыздан демегендер, жол көрсетіп, ақыл-кеңес берген кісілер болмады ма?
– Менің ойымша, «өмірде ешкімнің ықпалынсыз, ешкімнің көмегінсіз өз бетіммен жетістікке жеттім» деп ешкім де айта алмайды. Өйткені, кез келген адам, тіпті дана Абай да өзін әрдайым шәкірт санаған. Алдыңғы заман данышпандарынан оқып, ашыла түскен. Оның үстіне, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, алдыңғы және кейінгі толқындардың жалғасып жатуы – қазақ халқының менталитетіне сіңісті мінез. Дәл бүгінгі Қазақстанның жетіп отырған жетістігі де халқымыздың осы асыл қасиетінің арқасы деп білем. Біз әке-шешеміздің, ата-бабаларымыздың көрсетіп кеткен үлгі-өнегесі мен тағылым-тәжірибесі, ақыл-кеңесі, нақыл сөздері арқылы бой түзедік. Сол секілді мен де өмір жолымда көпті көрген, тәжірибе түйген, өз ісінің білгір маманы атанған ағаларымызға ұшырастырып отырғаны үшін тағдырыма ризамын. Олар маған үнемі ақыл-кеңесін айтып, қателік жасап, шалыс басудан сақтандырды. Бұл орайда қазақ халқына тән жақсы қасиеттердің бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі деп ойлаймын. Сондықтан, замандас құрдастарым мен өзімнен кейінгі жастарға әрдайым көпті көрген үлкен ағаларымыздың сөзіне құлақ асып, үлкендердің ақыл-кеңесіне бой ұсынуға кеңес берер едім.
– Жаңағы «олар» деп отырғаныңыз кімдер, ашып айтқыңыз келмей ме?
– Айтайын. Менің өмірімде ақыл-кеңесін айтып, шуағын төккен тұлғалар – қазіргі «Нұр Отан» партиясында кеңесші болып қызмет ететін Ғалиасқар Дунаев, өзім оқыған АлМУ-дың ректоры болған ұстазым, ертерек «Нұр Отан» партиясының жандануына да көп үлесін қосқан Тоқмұхаммед Садықов, сол секілді партияға бірге келіп, алғашқы қызметті жанында жүріп өткізген Сергей Терещенко, партия мықты ұйымға айналып, көп жауапкершілік мойнына артылғанда басшылық қызмет атқарған Бақытжан Жұмағұлов деген азаматтар. Ал қазір партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіндегі Дархан Қалетаевқа үлкен құрметпен қараймын. Әсіресе, айрықша мақтан ететін тағы бір биік тұлға – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Ол кісі тек маған емес, еліміздегі барлық жастарға үлгі деп ойлаймын. Оның іс-әрекеті, ұстанған саясаты, елге сіңірген еңбегі, жалпы тұлғалық болмысы кейінгі жас толқынға өшпес өнеге, адастырмас жол.
– Негізі жастар саясаты туралы заңның өзінде көрсетілгендей, жастар саясатының басты бағыттардың бірі – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Яғни, қабілетті жастарға дем беріп, олардың жолын ашу. Осы тұрғыдан алғанда, бізде жастардың өсуіне барынша мүмкіндік жасалған деп айта аласыз ба?
– Әрине, біз кез келген нәрсенің артықшылығы мен кемшілігін көрсету үшін өткенмен салыстырып қараймыз ғой. Өткен 90-ыншы жылдардың бас кезімен салыстырғанда жастар саясатының беталысы мен жүзеге асу барысы, жастар буынға берілген мүмкіндіктер аясы жер мен көктей. Өйткені, бүгін жастардың өзін-өзі көрсетуіне, ойлаған мақсаттарына жетуге барлық мүмкіндік жасалған. Айталық, «Болашақ» бағдарламасы білім қуған жастардың шетелдерде оқуын қамтамасыз етеді. Сол секілді соңғы айларда кадрлық резерв мектебі қолға алынып отыр. Бұл – мемлекеттік қызметке келгісі келетіндер үшін үлкен мүмкіндік. Осы кадрлық резерв жасақтау барысында болашақта ел басқаратын азаматтар, саясаткерлер сұрыпталып шығатын болады. Үздік оқитындарды мемлекет тегін оқытады… Осындай мүмкіндік көп қой. Мысалы, біз оқу бітірген кезеңде, 1999 жылдары мұндай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан қоғамға еңбек сіңіріп, өз жолын табуы үшін бүгінгі жастарға бар жағдай жасалған деп ойлаймын.
– Ал бүгінгі жүргізіліп жатқан жастар саясатына қандай баға бересіз?
– «Бәрі керемет» деп айта алмаймын. Рас, атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ біз Президентіміздің «Жас Отан» жастар қанатының съезінде айтқан тапсырмаларын толық жүзеге асыра алмай отырмыз. Ол үшін алдымен Парламент депутаттары «Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені, 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген қазіргі заң уақыт талабына сай емес. Заңды шынымен де жастардың мүддесіне қызмет ететіндей етіп, уақыт талабына лайықтап өзгерту қажет.
Сондай-ақ, жастар мәселесін жүйелі де тыңғылықты шешетін «Жол картасын» жасап алуымыз шарт. Ол үшін бүкіл республика бойынша қай аймақта жастардың қандай мәселелері бар – бәрін анықтап, мониторинг жүргізуіміз керек. Оны жергілікті билікпен біріге жүзеге асырған тиімді деп білемін.
– «Заңға өзгеріс енгізу керек» демекші, қолданыстағы жастар саясаты туралы заңда мемлекетшілдікті, ұлттық патриотизмді арттыру мәселесі туралы, тіпті бір ауыз сөз жоқ айтылмаған. Ал осы құжатқа өзгеріс енгізу ырқы берілсе, сіз неге басымдық берер едіңіз?
– Отбасынан басталған Отанға деген сүйіспеншілік, елжандылық адаммен бірге туатын сезім деп ойлаймын. Өйткені, мемлекет – біздің отбасымыз. Ата-ананы сүймеуге болмайтыны секілді, Отанды да сүймеу мүмкін емес. Ал патриотизм деңгейін көтеру деген, өз алдына бір мәселе. Менің ойымша, біз патриотизмді бұқаралық акциялар арқылы немесе жарнамалық роликтер арқылы өсіре алмаймыз. Сол секілді, «мен патриотпын» деп, кеуде соққаннан да ешкім отаншыл болып кетпейді. Патриотизм, менің ойымша, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына қарай қалыптасады. Айталық, адамдардың жағдайы жақсарып, тұрмысы түзеле бастаса, ол одан сайын жақсы өмірге ұмтылады. Елімен бірге өсуге талпынады. Бұл тұрғыда жастардың көпшілігіне ортақ шешілмей келе жатқан мәселелері бар. Ол – тегін білімге қол жеткізу, отбасын құру, баспаналы болу, оқу орнында жатақханаға қол жеткізу, жұмысқа орналасу… Егер осы мәселелер түбегейлі шешілетін болса, еліміздегі жастардың ішкі патриоттық сезімі де өсе түседі деп ойлаймын.
– Бізде 600-ден аса жастар ұйымы бар деп жүрміз. Олардың жұмысы ойдағыдай деп айта аласыз ба?
– Бізде қазір 650 шамасында жастар ұйымы бар. Бірақ олардың бәрі белсенді жұмыс істеп жүр деп айта алмаймын. Көпшілігі құрылады да, бар екенін көрсетіп болмай жатып, жабылып қалады. Өйткені, жұмыс істей алмайды. Шын мәнінде әлгі 650 жастар ұйымының он пайызы ғана, яғни 65-і тұрақты жұмыс істеп жүр. Қалған тоқсан пайызы не мақсатпен құрылғанын білмейді. Болмаса мемлекеттік тапсырма алып, қомақты қаражатқа қол жеткізу мақсатымен ғана құрылады.
– Бір байқағанымыз, Парламенттің отырысын Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мемлекеттік тілде жүргізіп жүр. Соңғы жылдары сізді де мемлекеттік тілді үйренуге ден қойып жүр деп естігенбіз. Бұл «тіл білмесем қызметтен қағылармын» деген қорқыныштан емес пе?
– Мен көп ұлтты ортада өстім. Балабақшадан бастап орыс тілінде тәлім алдым. Мектепте оқып жүргенімізде біздің класта төрт-ақ қазақ болды. Орыс мектебінде оқыдым. Одан кейін, әрине, жоғары оқу орнында да орыс тобында оқуға тура келді. Өз тілімді үйреніп, іс жүзінде қолдануға мүмкіндік болған жоқ. Әке-шешем де – кеңес кезеңінің ыңғайымен орысша тәрбие алған адамдар. Ал тәуелсіздік алып, қазақ тілінің қолданылу аясы кеңи бастағанда, мен секілді кеңестік мектеп түлектеріне қазақ тілін оқу мүмкіндігі туды. Өйткені, көптеген тіл үйрену әдістемелері шығарыла бастады. Мен сияқтылар үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Сондықтан да, мен ұялмай «Хабар» арнасындағы «Тілашар» бағдарламасына қатыстым.
– «Ұялмай»?..
– Иә. Өйткені, кез келген адам тіл үйрене бастаған алғашқы кезде қазақша сөйлеуге ұялады ғой. Бірақ сол бағдарлама арқылы мен өзім секілді туғаннан орысша сөйлеген азаматтардың талаптанса, өз ана тілін оңай үйрене алатынын көрсетіп, көпшіліктің қызығушылығын ояттым деп ойлаймын. Содан бері біраз жыл өтті. Осыдан он жыл бұрын қазақша сөйлемек түгілі түсінбейтін едім, қазір еркін сөйлей алмасам да, түсінемін. Енді аз уақыттан соң таза қазақша сөйлеп кететініме сенімдімін. Демек, келесі келгеніңізде міндетті түрде қазақша, тек қазақ тілінде сұхбаттасамыз. Мұның ешқандай да саяси астары жоқ. Мен қазақ болғандықтан, өзімнің тілімді білуге тиіспін.
– Бір сұхбатыңызда: «Менің анам әлі де Алматыдағы «Береке» базарында сауда жасайды» депсіз… Қазір ше?
– Жоқ, анам сауда-саттықпен айналыспайды, оны кім жазса да, қате жазған. Бірақ сол базарда ветеренария саласы бойынша қызмет етті. Қазір де сол салада, бірақ мал дәрігерлік бақылау инспекциясында жұмыс істеп жүр.
– Осы депутат болудағы діттегеніңіз не, білуге бола ма?
– Шынымды айтсам, маған карьера маңызды емес. Киноға түскеннен кейін көпшілікке танымал болдым. Қазір де жұртшылық сол теледидардан жарқ етіп көрінген жылдарым арқылы біледі. Ал, менің өмірімдегі негізгі ұстанымым – айналама пайдамды тигізу. Ертең қартайғанда «мынадай жақсылық жасап еді» деп еңбегін жұрты елейтіндей қадірлі ақсақал болғым келеді.

Әңгімелескен Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

ПОНРАВИЛОСЬ? ПОДПИШИСЬ
ПОДЕЛИТЬСЯ:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • MySpace
  • FriendFeed
  • В закладки Google
  • LinkedIn
  • Одноклассники